"Әкем сырқаттанып ауруханада жатты. Мен таңертең ерте
тұрып әкеме баруым керек болатын. Бірақ аурухана алыста және ертемен көлік
жүрмейтін және таңғы төрттерде қараңғы болатыны анық. Менің сенгенім- бірге
оқитын жолдастырым, солардың бірі болмаса бірі қол ұшын созар деген ой. Содан
жігіттерге жағдайымды айттым, бірақ ешкім барғысы келмеді. Сол кезде Төлеген
жаныма келіп «мен сені ертіп барайын» дегені. Ұйқым келмей жатырған, бірақ сәлден
кейін көзім ілініп кетіпті. Оның есікті шерткен дыбысынан ояндым. Сөйтіп ол
мені әкеме апарған. Сонда есімнен кетпейтіні: «сен қалай ерте ояндың»
дегенімде, «ұйықтатпасым ұйықтатпады» деп жымиды ол. Сөйтсем ол сол кезде түні
бойы өлең жазады екен. Біз солай жақын танысып жақсы араласып кеттік.
Студенттік шақтың қызығын да, қиыншылығын да бірге көріп, институтты
бітіргеннен кейін екеуміз отбасын құрдық та, оның Қарақалпақстандағы туған
ауылына аттандық. Біраз жылдан кейін анасын өзімізбен бірге алып Шымкент
облысындағы Сарыағашқа келдік. Бізді досы журналист, жазушы Зәкір Асабаев қарсы
алды. Сол досының арқасында Төлеген кешкі жастар орта мектебінің директоры, мен
сол интернаттың аға тәрбиешісі, әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
болдым. Біздің ол кезде үш бала сүйген кезіміз болатын. Төлегеннің аңсары
Алматыға ауды да тұрды. Сөйтіп біз ақыры Алматыға көшіп келдік. Алғашында пәтер
жалдадық, кейін қарызданып жүріп арзан бір бөлмелі үй сатып алдық. Біздің үйге
келетін жас ақындар да, әйгілі Шәмші бастаған компазитор, әнші, журналисттер де
күн демей түн демей жиналатын. Жаңа ән, жаңа өлең осы үйде үздіксіз шығып
жататын.
Бірде Төлеген ойда жоқта «Үрниса, менің сен білмейтін
тағы бір өнерім бар. Шіркін домбыра жоқ, домбыра болса, ән салар едім. Ауылда
Бағымбай деген жырау інім бар, содан үйреніп едім» деді. Таңданып қалдым,
артынша оған домбыра алып бергім келді. Бұл ойымды тетелес інім Бөрібекке
айттым. Ол маған айтпай өз стипендиясынан төлеп домбыра жасатыпты. Оны татар
шалы он жыл бойы суда жатқан өрік
ағашынан жасаған екен. Сол ұлттық аспабты жиналған кештер мен тойларға тастамай
алып баратын. Үнсіз сөйлемей отырғанда
Төлеген ән бастап, бәрін көңілдендіретін. Ол сол домбыраны он бір жыл ұстады.
Тек өзі қайтыс болатын жылы сол домбыраны абайсызда сындырып алдық.
Дүние саларынан екі-үш ай
бұрын түнде ұйықтап жатқан жерімнен оятып алып өлең оқыды. Түріне қарасам онда
ұйқының нышаны да жоқ. Маған мұнысы әуелі ұнаған жоқ. Бірақ біртіндеп менің де
ұйқым шайдай ашылды. Жазғаны 174 шумақтан
тұрантын поэма екен. Басынан аяғына дейін жатқа оқыды. Өлеңді қағазға түсіріп
алайық деп едім, артын әзілге айналдырып жіберді. Кейін мен тыңдаған сол поэма
өзінің ішінде кетті.
Өмірінің соңғы жылдарындағы бар арманы «Құмдағы
мұнаралар» деп аталатын кітабын жарыққа шығару
болды. Жыл жоспарына енбей сызылып қалып, түкке зауқы соқпай, құлазып
кетті. Ол жазғыз еді. Туған апалары да сүйеніш болудың орнына «Сен көз
алдымызда жүрмей, Алматыға кетіп қалдың» деп кінәлайтын. Сол себептен бәрі оған
бір күні «Жалғыздық» деген өлеңін жазғызды.» деп еске алады ақынның жары Үрниса Оспанқызы.
Комментариев нет:
Отправить комментарий