Ақын жауһарларынан

БІР ТОЙЫМ БАР
Бір тойым болатыны сөзсіз менің, 
Дәл қай күні екенін айта алмаймын. 
Бірақ... бірақ... Ешкімді де билетпей қайтармаймын. 
Онда ортаға тасталар ұран сондай: 
Қайта алмайды қартың да бір ән салмай, 
Жиырма бестің бәрін де сабылдыртам,
 Кемпірлерге қыз күнін сағындыртам...
 Сәбилерге ағаны үлгі етемін,
 Жеңгейлердің толтырам гүлге етегін. 
Менің жарым бұл түні кірпік ілмей,
 Ақ көңілімен қуаныш бүртігіндей, 
Омырауынан бір тәуір шайқап есіп,
 Ажырасқанды жүреді қайта қосып. 
Мен өзім де ән салам түн ауғанша, 
Менің жаным бұл күнге құмар қанша!
 Бәйгі берем жығылған палуанға да,
 Адалдығы сезіліп тұрар болса. 
Қыз қуатын жігітке ат беремін, 
Жанам деген жүрекке от беремін. 
Мен әйтеуір бар жиған-тергенімді 
Бір тамаша той қылып өткеремін. 
Біздің үйді сол күні бетке ал қауым, 
Нысанаға ап қуаныш тоқталмауын. 
Мен бұл тойдан тілеймін жылап тұрып, 
Қазанымда бір асым ет қалмауын,
 Мен сөйтіп бар шаңнан бір сілкінемін, 
Мен сөйтіп рақаттанып бір күлемін.
 Кім білсін талай күнгі арманым еді, 
Мәңгілік тарқамауы да мүмкін оның.

АДАМДАР

О, адамдар, біргемін ен сендермен, 
Ықыласыңа еш нәрсені теңгермен.
 Сендер менің бақытымның бұлағы,
 Сендер менің дарыныма жел берген. 
Өздеріңмен өмір шыңын бірге астым,
 Жарты құртты бөліп жедім, сырластым.
 Дүниеге келгенім жоқ шет жүріп, 
Рақатын ойлау үшін бір бастың. 
Гүлстанға айналдырған тақырды, 
Болат қолдар, алғыр милар ақылды, 
Сүйемін мен, сүйемін мен сендерді 
Алар демім қалғанынша ақырғы. 
Менің үшін бірдей тілің, жынысың, 
Көбің ана, көбің аға-інісің. 
Достық өскен, ерлік өскен ортаңа
 Енген сайын кеңи түсер тынысым. 
Не кездессе өздеріңмен көрмекпін 
Қарапайым адамдары еңбектің! 
Барлығын да бағыштар ем сендерге 
Махаббатын маған берсе жер-көктің. 
Қолыңнан қала тұрса тас қаланьіп, 
Құдіретіңе табынса аспан алып. 
Сен жасаған бақытты көріп тұрып,
 Сені сүймеу не деген масқаралық. 
Алдымнан көрген емес жол кесіліп, 
Келемін демеуіңмен өрге шығып.
 О, адамдар, ғапу ет, шалыс бассам, 
Кешіріңдер, 
Менікі пендешілік.

ПЕРЗЕНТ ЖЫРЫ
Сен менің мәңгілікке өлмес атым, 
Атымды ап алыс жылға жалғасатын.
 Әкеде өсиет бар өмір жайлы, 
Балада қасиет бар алға асатын. 
Сен менің ұшар басым биіктеген,
 Жолыңа тапқанымды үйіп-төгем.
 Сен менің дүрсілдеген жүрегімсің,
 Қай нөрсе сол жүректен сүйікті екен? 
Сен мені өскен сайын ойландырып, 
Заңдарын табиғаттың ойға алдырып.
 Бір қадам басқан сайын өзің мені, 
Барасың шежіреге айналдырып...

КЕГЕЙЛІ ДӘПТЕРІНЕН

Кегейлім жердің еркесі, 
Жас жаным толқып тұр менің. 
Бердақтың сүйген өлкесі,
 Ажнияз айтқан жыр ма едің?!
 Қаһарман мынау халықтың 
Серті де сенің бетіңде. 
Еңбектен өскен алыптың 
Көркі де сенің бетіңде. 
Әлемнің жүзін селдеткен 
Жаңбыр күй сенің бетіңде.
 Даланың төсін гүлденткен 
Алғыр ой сенің бетіңде.
 Өзіңді көріп кеудеме 
Дүрсілі қонып жүз аттың, 
Осынау сұлу өлкеңе 
Өлеңнің қызын ұзаттым... 
Жоныңда әкем жорға атпен 
Жортып бір өткен Кегейлі,
 Атаның жолын жалғап мен
 Елтіп бір жеткен Кегейлі.

ЖҮРЕК СӨЗІ
Жолменен жүрем мен ізгі, 

Беремін көрік көлдерге. 
Арындап жатқан теңізді, 
Ақтарып құям шөлдерге.
 Ілесіп көптің көшіне, 
Жайлауға шығам қой айдап,
 Шадыман дала төсінде, 
Шалқамнан жатам ой ойлап. 
Шырқаймын шыңға жар салып, 
Жасану үшін жаз дәуір. 
Жаңбырлы күнді монша қып, 
Жуынам бұтқа қазбауыр.

Комментариев нет:

Отправить комментарий

Басты бет

                Пайымдаймын, мойындаймын, сен данасың, мен бала,                Ұлтына кім жақын, алыс, айқындайтын ел ғана.            ...