Замандастар естелігі

Әбіш КЕКІЛБАЕВ
Көктемнің жазға ұласар жайсаң шағы
      Мен онда бұлай боларын білген жоқпын. Көктемнің жазға ұласар шағы еді. Алматының әсем бір таңында Жазушылар үйінің алдында оған жолықтым. Қайқы төсін жасыл теректердің арасынан жасырынып ескен майда лепке тосып, алыстан менің келе жатқанымды көріп, амандасқалы тоқтаған екен. Бұрын ылғи жолыққан сайын, Жазушылар одағының фойесіндегі шеттеу орындыққа жайғасып алып ол маған Қашағаннан жыр соғатын. Сол әдетіммен: «Қалай, Қашекеңді айтасың ба?» деп едім, ол: «Қызметке орналасатын болдым, бүгін-ертең бір-екі ақынды ертіп Қарақалпақстанға жүрмекпін», — деді.
      Бұл біздің ақырғы жолығысымыз екенін онда екеуіміз де білген жоқпыз. Ол майса көктемнің табиғаттың пісіп-толар сарша тамызға ұласар шағы еді.«Құмдағы мұнараларды» оқып отырғанда сол біз ақырғы жолығысқан көктемнің жазға ұласар жайсаң шағы еске түседі. Бақсақ, Төлегеннен тек табиғаттың ғана емес, өз творчествосының да нағыз бабына келген келісті шағында айырылып қалыппыз.Ол өз буыны өкілдерінің көбінен кейін келсе де, жедел ілгері шығып, көш басына оза бастап еді. Бұл, ең алдымен, Төлегеннің жер астынан бәрібір жарып шықпай тұрмайтын гейзер суындай қуатты да мол талантының арқасы. Сосын соңғы жылдардағы қазақ жырындағы қаулап өсу, қауырт биіктеудің арқасы. Мұндай шынайы творчестволық бәсеке шын талантты шығандатып өсіреді де, күйкі талантты күйретеді. Кейінгі жылдары Қ.Мырзалиев, Ж.Нәжімеденов, М.Мақатаевтардың кесек-кесек ақындық тұлғамен керінуі жас қауымда орынсыз көбейіп кеткен өлеңшілер тобының қатарын саралаңқырап, ақындықтан дәмелілерге өзінше бір еріксіз сұрыптау жасады. Сол сұрыптауда суырылып ілгері шыққандардың бірі — Төлеген Айбергенов.Мұндай жүйрік көп, жүлде аз жыр бәйгесінде өзіңнің өнерпаздық құныңды, суреткерлік қасиетіңді, азаматтық абыройыңды сақтап қалу үшін шынайы талант-пен қоса дамылсыз ізденіс те керек. Ізденістің де із шиырлай беретін әшейін әуре-сарсаңы бар да, көкіректегі дарын мен көңілдегі ой-сезімді фонтан суындай көкке бір-ақ шапшытып, өнерпаз маңдайын айдай жарқырататын абыройлысы бар. Төлеген Айбергеновке сол абыройлы ізденіс тап болыпты.
Әдетте қалайда көш соңында салпақтап жүруді қаламай, өз шабысын көрсеткісі келген талабы биік жас суреткер я көштің басында кім кетіп бара жатса, соның соңынан салып қоя беретін соқыр шабысқа түседі, не тың сүрлеуге бұрылып, өзінше омбылайды.Бұл жолдың алдыңғысы бір адамның көңілін я бірлеп, я бірлемейтін, бірақ әдебиет үшін еш пайдасы тимейтін әуейілік те, соңғысы — нағыз өнер жолы, өнерпаз жолы. Оның өзі де екіұдай. Жалпы, өнер атаулыда екіұдай емес жол бар дейсің бе? Күн сайын қыл көпірден тірілей өтіп отыратын өнерпаз өмірінің қиын болатыны да сондықтан. Біреулер, әйтеуір өзгелерге ұқсамауды мұрат қылады, енді біреулер басқаларға ұқсамаудың сырын өз бойынан, өз талантының сипатынан табады. Төлегеннің өз бетін табуы, Борис Пастернактың Шопен творчествосы туралы айтқан: «насквозь оригинально не из несходства с соперниками, а из сходства с натурой, с которой он писал» деген пікірі еске оралды. Төлегеннің де ақындық беті өзінен бұрынғыларға ұқсамауға тырысудан ғана емес, өзі жазып отырған өмір құбылысына барынша ұқсаңқырау талабынан туған тәрізді. Төлегеннің өз буынынан өзгеше өмірбаяны жоқ, Жұмекен, Қадыр, Мұқағалиға өзек болған өмір шындықтары оған да ортақ. Бірақ Төлеген өзінің дарынды достары жеріне жеткізе жырлаған ұрпақ өмірбаянын қайтадан қозғап жатпайды, бірден Потебня айтқан формуланың екінші бунағына, «өз буынының рухани шежіресін жасауға» ат салысады. Қиын балалық шақ, соғыс зардаптары мұнда Мұқағали, Қадыр, Жұмекендердегідей өмірлік нақтылығымен көрінбейді, жалпы өлең әуенінен, бояу әлемінен ғана аңғарылып отырады. Т.Айбергенов творчествосы — өлімді жеңіп шыққан өмір шаттығының жыры.
      Сөз жоқ, Төлеген жырлары — қуаныш жырлары. Бірақ бұл гүлге елтіген, көбелек қуған серуеншінің қуанышы емес, қиынды көрген, қайғы мен қасіреттің де ащы дәмін татып байқаған азамат адамның жүзеге асқан мақсаты мен орындалған арманының қуанышы. Сондықтан мұндай қуаныштың бояу әлемі, әуен әлемі бір ғана гаммадан тұрмайды. Онда сонау көкірек айырар күрсіністен бастап барша сезім түгел бар, түгел көрінеді. Осындай сезім байлығы оған өмір байлығын танытады.

Қадыр МЫРЗА ӘЛИ
Қазақ жырына домбырадан келген
      Мен Төлеген Айбергеновтің өлеңдері туралы өз пікірімді әр жерде жазып та, айтып та жүрмін. Қазақ поэзиясына сондай бір ақын келу керек еді, ол келді де, әттең… ұзақ тұрмады. Бізге мәлім бір-ақ Төлеген ғой бұл. Шын мәнінде, Алтай мен Атырау арасында қаншама Төлегендер болды. Олар әлі де бар. Айбергеновтің өмірі де, өлеңі де жаңа өспірім жас таланттарға қамқорлықпен, сеніммен қарау керек деген ақиқатты одан сайын ұқтыра түседі. Оның тіл сындырып, әліп таныған мектебі домбыраның бауырынан өрбіген өлең-жырлар әлемі еді. Қазір қазақ жырына домбырадан келетін ақындар аз, ендігі жерде оңдайлар тіпті азая бермек. Мұның жақсылығы да, жамандығы да бар. Лайым, жақсылығы басым болғай. Бірақ бұл — тілек қана. Тілек жүзеге асу үшін күресу керек. Бардың нарқын, жоқтың парқын білмеумен күресу керек. Басбұзарлыққа қарсы жұмыс жасалынып жатса, тілбұзарлыққа қарсы сонша жұмыс атқарылуы тиіс. Айбергеновтің самалдың желі секілді ақпа-төкпе, ақжарма өлеңдерін оқып отырғанда осындай ойлар келеді. «Пайғамбар сынды қарттардан» тәлім-тәрбие алып өскен ол өнерге үлкен құрметпен қарайтын. Сыпыра жыраудан бастап, бергі Қашағанға дейінгі халық ақын-жырауларын түгел жатқа білетін. Соңғы жазған «Космонавт монологы» оның творчествосындағы жаңа бетбұрыстың басы еді. Жақсы ақындар өмір бойы ізденіп өтеді.

Фариза ОҢҒАРСЫНОВА
Ғасырға жол
      Шын дарын жаспен өлшенбейді. Нағыз поэзия иесінің том-том кітаптарының қалыңдығымен немесе санының көптігімен бағаланбайды.
       Елуге келмесе, елемейтін әдеттің қасаң заңдылығын Төлеген де өлгесін бұзды, таласып-тартыспай, жағынып-жалбарынбай, бұғалыққа көнбес буырқанған жырларымен бұзды. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атағы оған өзі дүние салғаннан кейін берілді. Бұл баға — біздің ұрпақтың ақынға деген тағзымы. Бұл тағзым ұрпақ жаңарған сайын қайталанады. Өйткені Төлеген Айбергеновтің жалын жырлары оны тоқталмас өмір сапарындағы әр жолаушыға серік етеді, жанам деген жүрекке от берер асау арман лықсыған Төлеген поэзиясы, біздің дәуіріміздің шындығындай, арыны асау армандарға бастап, болашақпен жалғаса береді. Оған ақынның жырлары куә. Жыр бағасын жүрегімен салмақтар талғамды оқырман куә. Ол өзінің «Бір тойым бар» деген өлеңінде:
«Бір тойым болатыны сөзсіз менің.
Дәл қай күні екенін айта алмаймын.
Бірақ… Бірақ…
Ешкімді де билетпей қайтармаймын.
Мен сөйтіп бар шаңнан бір сілкінемін,
Мен сөйтіп рақаттанып бір күлемін.
Кім білсін, талай түнгі тілегім ед —
мәңгілік тарқамауы да мүмкін оның!» —
деп еді. Сезімінен ақылы мен айласы басым боп бара жатқан ғаламда осындай тілек тілеудің өзі ірілік!
Әр түрлі гүлзарларымен, даланың самалымен, жусанның иісі, таудың бұлағымен — өзімен-өзі тыныш жатқан қазақ поэзиясының қалғымалы тірлігіне кенет көтерілген мұхиттың жал-жал толқындарындай, ағысты екпінмен әсер еткен Айбергенов поэзиясы қазақ өлеңінің өресін биікке көтерді.

Сырбай МӘУЛЕНОВ
Өлеңнен жаралған жан
      Жақында кітаптарымды жинастырып отырсам, Евгений Долматовскийдің Москвада шыққан «Өзіміз туралы өлеңдер» деп аталатын кітабы қолға ілікті. Кітаптың ішкі бірінші бетінен мынадай жазу ұшыраса кетті:
     «Аса қадірменді ұстазға — Сырбай ағайға алыс Сарыағаштан шәкірттік, інілік ыстық жүректен, құрметтес көңілден естелікке! Деніңіздің сау, үй-ішіңіздің аман, творчествоңыздың шабытты да шалқар болуына тілектеспін.
Аса құрметпен ақын ініңіз Төлеген Айбергенов.
12.06.1965 ж.».
     Осыны оқып өмірден, өлеңнен ерте кеткен ақын інім туралы күрсіне ойға баттым. Өткен жылдар көз алдымда тұрып алды. 1965 жылдың күзінде оңтүстікке жолым түсті. Қасымда жазушы Танаш Дәуренбеков бар, жолшыбай Сарыағашқа соғып, Төлегеннің үйіне түстік.
— Сенің маған осы жазда Долматовскийдің кітабын сыйлағаныңа қайран қалдым, — дедім мен Төлегенге амандық сұрасқаннан кейін.
— Сіз Алматыда өз үйіңізде болғанымызда Долматовский сөзіне жазылған әскери әндерді айтып едіңіз, Долматовский кітабын жіберуіме сол себеп болды, — деді ол.
Содан кейін біраз ойланып отырды да:
— Аға, мына Сарыағаштағы кешкі мектептің бірқалыпты прозалық өмірі жалықтырып барады. Осы прозаны поэзияға айналдырайын, мені бір аптаға сұрап алып, қасыңызға ертіп әкетіңізші. Бір серпіліп, бір блокнот өлең жазып қайтайын, — деп өтініш айтты.
     Оқу бөлімімен келісіп, орнына бір жолдасын уақытша қалдыратын болдық та, Ташкентке беттедік. Мирмухсин мен Миртемир үйлерінде мейман болып, өзбек жазушыларымен кездесіп, Сырдария облысына сапар шектік. Ол үнемі машинаның арт жағында отырады. Көк блокнотын жан қалтасынан суырып алып, жол бойы жаза береді, жаза береді. Жазғанын жазғанынша оқып та үлгереді. Жол үстінде ол менен «Москва, Ленинград ақындарынан кімді жақсы көресіз? Кімдермен таныссыз?» — деп сұрайды.
— Ақын деген жалындап жанып жүруі керек қой. Оның сонында әр түрлі аңыз еріп жүрсе, ақынды биіктете бермек. Қарапайым өмірдің қалыбынан шыға алмай, қарабайыр күн кешкен адамның несі ақын, — деп қояды сөздерін ерекше бір екпінмен өрекпи айтып.
Сырдария облысында үш-төрт кездесу өткізілді. Төлеген жолда жазылған махаббат өлеңдерін оқып жүрді. Оның өлеңдерінде Шығыс поэзиясының сарыны молырақ жатқан сияқты көрінеді. Соны бір ескерткенімде:
— Мен Қарақалпақстанда туып-өстім ғой. Қазақ ақындарымен енді-енді араласып келемін. Сіз Абдолла мен Қасым жайында айтыңызшы. Оларға сенімді серік болдыңыз ғой, — дейді Төлеген.
Абдолланың жанының тым нәзіктігін, Қасымның қажыр-қайратын, өршіл рухын айтқанда оның жас баладай жаны толқиды.
— Шіркін, екеуі де ерлікке емтихан тапсырған қаһарман ақындар емес пе? Өздері батыр, сөздері батыл, халықтың ойын дөп басып, елдің арманын шертетін өлеңдерді жазып кеткен ғой, — дейді. Жолшыбай Сарығашқа қайта соғып, Төлегенмен үй алдында қоштастық:
— Сіздермен бірге болған бір апта мына блокнотқа өлең болып түсті. Амандық болса келесі шығатын кітабыма кіреді ғой, — дейді.
Ол өлеңнен жаралған жалынды жас еді.

Сейфолла ОСПАН, ақын
Құйма жырдың киесіндей ақын
     Арғы тегі Ақтөбе өңірін жайлап, кейінгі кер заманда бірсыпырасы әрі кетіп, бірсыпырасы бері кетіп, яғни Кеңес үкіметінің қолдан жасаған аштық топалаңынан әркім ауған жаққа жол кезіп кеткен ұрпақтың ата-аналарының елімен қайта тоғысып, енді-енді ес жия бастаған сыңайлы. Соның кепілдігі болар жан-жаққа шашырап кеткен жандардың сәулелі санасы, ізгілікті істердің өз атамекеніне ойыса бастағаны. Біз де соған куә бола бастадық, әйтеуір. Осы жайдың бір куәгеріндей туған жері мен жүрген жерін, қала берді, ата-бабаларының атамекенін аңсап, сол өңірдің барша құнарын аталарының қанымен, аналарының ақ сүтімен бойына сіңірген Төлеген Айбергенов сияқты дүниеден жастай кеткен ұлы ақындарымыздың жөні бір бөлек еді. Мен білетін Төлеген сонау ертеректе Арал теңізінің солтүстігіне көзі жәудірей қарағанымен, оңтүстігінде дүниеге келген сағынышы қай елді мекенді болмасын көгертіп-көктетіп, әлсін-әлі жыр арқауына өзгеге өрнек төктіріп отырғандығы барша қазаққа аян.
     Олай болса, бұл кісінің де өзінің түп-тамырындағы ұлы ағынға қайта оралып қауышып жатқандығы содан болар. Өз заманында қолы жетпей-ақ кеткен ақын арманының орындалуы ғажап десе болғандай, үлкен қуаныш екендігінде сөз жоқ. Сол үшін де ол барша қазақ еліне өзінің дән ырзалығын айтып, сәулелі сөз қанатымен қара бұлтты қақ жарып дегендей, көктегі күннің әппақ нұрын жыр арқауына қондырып, сол кездегі астанамыз Алматыға келген еді. Ақындық жүрегін қолына ұстап, алып-ұшып келгені тап кешегідей көз алдымызда. Және жай келмей өзінің бойына жаратылысымен біткен үш қасиетімен жүрегі жарыла келіп еді. Ол өзінің ата-бабаларының мәңгілік ірге тепкен «Атамекен» және бұған қоса «Адамға» деген сүйіспеншілігін «Ақындық» жоралғысымен ала келгендей. Енді біз сол жырларға құлақ түрейік:
Көл-дария көкірегімнен бір тұнба ашып,
Мен тұрмын ата-баба жұртын басып.
Жаутаңдап қазір менің жанарымда
Тұп-тұтас жиырма жеті жыл тұр ғашық.
Түп-түгел төрт құбыламды түстік етіп,
Туған жер, мен сен салған құс түлетіп,
Дүние-ай, қандай жақсы ед табаныңа
Тұрғаны өз топырағыңның ыстық өтіп.
О, менің мәңгі басар нық тұрағым,
Қалайша махаббатымды ұқтырамын?
Мен сенің ақ төсіңе шаңқай түсте
Көлеңкем түспесін деп тік тұрамын!
     Бұл тұста Жұмекен, Мұқағали бастаған көп ақындардың әлі сара жолға түсе қоймаған шағы еді. Бұл уақытта заманымыздың ұлы ақыны Әбділда Тәжібаевтың тілімен айтқанда «…Біз поэзиямыздың тағы бір алтын тұтқасын аштық. Аштық та, Төлеген дүниесін көрдік». — дегізген және тағы бір классик майталман ақынымыз Қуандық Шаңғытбаевтың «…Ақынның асқақ жырын ғажайып ғұлама жылдардың шежірелі беттерінде сөйлеп тұрған сырға балап, осынау сыр жылдар парағы аударылғанда жабылып кетуі мүмкін екенін тыңнан тауып айту арқылы өлімнің өзін сылқым образға айналдырған Айбергенов өлеңдеріндегі су жаңа нұсқалылықты эпитет көлегейлеп, көрсетпей тұрған жоқ, қайта айқындап, аша түсіп тұр», — дегізген сөздеріне куә болдық. Шындығы керек, сол кездегі кендір жіптей өрілген бір жағы ұранды сөздің ұңғысын танытатын жырлардың қабатына бұл ақынның жыр жолдары жібектей елдің жүрегін жібітіп жібергені ақиқат. Ә дегеннен елдің аузына іліккен Төлегеннің тұтастай тұнба жырлары елдің арасына бейне аңыздай тез тарады.

Комментариев нет:

Отправить комментарий

Басты бет

                Пайымдаймын, мойындаймын, сен данасың, мен бала,                Ұлтына кім жақын, алыс, айқындайтын ел ғана.            ...